КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ
Мақала Қазақстан Республикасының Әкімшілік сот ісін жүргізудегі заңдылық қағидатының мазмұны мен рөлін кешенді талдауға арналған. Зерттеудің мақсаты заңдылық қағидатын нормативтік және доктриналдық түсінуді нақтылау, оның әділеттілік, мөлшерлестік қағидаттарымен байланысын анықтау. Зерттеу нормативтік құқықтық актілерді талдауды, шетелдік тәжірибені шолуды, сондай-ақ деректерді статистикалық талдауды қамтитын кешенді ішкі бағытқа сүйенеді.
Әдіснамалық негізді Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік іс жүргізу кодексін және мамандандырылған әкімшілік соттардың сот тәжірибесін талдауға негіз болатын ресми заңды, салыстырмалы құқықтық, жүйелік және құрылымдық-функционалдық әдістер құрайды. Заңдылық қағидаты әкімшілік процестің жүйе құраушы бастамасы болып табылатыны көрсетілген, бірақ оны іске асыру әкімшілік және азаматтық соттар арасындағы юрисдикцияның қақтығыстарымен, құқықтық реттеудегі олқылықтармен және қоғамдық қызығушылық пен әкімшілік қалауды бағалау тәсілдерінің күрделене түсетіндігімен сипатталады. Әділдік пен субъективті құқықтарды тиімді қорғауды, сондай-ақ әкімшілік әділетті дамытудың шетелдік тәжірибесін ескере отырып, заңнаманы және сот практикасын одан әрі жетілдіруді талап ете отырып, оны бірлікте түсіндіруді көздейтін заңдылықты материалдық түсіну қажеттілігі негізделеді.
Мақала қазіргі еуропалық құқықтық кеңістіктегі эвтаназияның құқықтық, этикалық және конституциялық аспектілерін кешенді түрде талдауға арналған. Зерттеудің негізін өмір сүру құқығы мен жеке тұлғаның автономиясы қағидаларының арақатынасы құрайды, соңғысы өмірді ерікті түрде тоқтату мүмкіндігін қамтитын ықтимал құқық ретінде қарастырылады. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың құқықтық ұстанымдары негізінде өмірді тоқтату мәселелерін реттеудегі мемлекеттердің «еркін пайымдау шегі» қағидасы, сондай-ақ осал топтарды қорғауға, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және теріс пайдалану қаупінің алдын алуға бағытталған халықаралық стандарттардың талаптары талданады. Бірқатар еуропалық мемлекеттердің ұлттыққұқықтықмодельдерін зерттеу бірыңғай тұжырымдаманың жоқтығынжәне эвтаназияны толық заңдастырудан бастап паллиативтік медицинаны дамытуды басымдыққа қоятын әртүрлі тәсілдердің қалыптасқанын көрсетеді. Зерттеуде институционалдық алғышарттардың маңыздылығына ерекше назар аударылады, атап айтқанда: дамыған паллиативтік көмектің болуы, тәуелсіз бақылау тетіктерінің тиімді қызмет етуі, медициналық кәсіби этика қағидаттарын сақтау және пациенттің денсаулық жағдайын жан-жақты бағалау. Қорытындылай келе, эвтаназияны заңдастыру адамның құқықтары, өмірді қорғау және жеке тұлғаның автономиясын құрметтеу арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретін кешенді кепілдіктер жүйесі қамтамасыз етілген жағдайда ғана мүмкін деген тұжырым жасалады.
Қазақстан Республикасында қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялардың құқықтық реттелуі жүйелі түрде дамып келеді, бірақ әлі де жетілдіруді қажет етеді. Зерттеу жұмысы қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілерді, соның ішінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, неке-отбасы және қосалқы репродуктивті медицина саласындағы бұйрықтарын талдауға арналады. Өзектілігі жоғары мәселелер арасында адам ұрығының әлеуметтік-құқықтық мәртебесі, құрсақ ананың және генетикалық ата-аналардың міндеттері мен жауаптылығы, сондай-ақ жыныстық жасушалардың донорлығын жүргізу жағдайлары қарастырылады. Генетикалық зерттеулердің құқықтық базасының жеткіліксіздігі, адам эмбрионының құқықтық мәртебесі және ғылыми-зерттеу мақсатындағы заңдылық мәселелері, сондай-ақ шетелдік тәжірибелер мен құқық бұзушылықтар бойынша заңды жауаптылығын мысалдары қарастырылып, құрсақ аналық мәселесіндегі құқықтық реттеудің жоқтығы теріс пайдалануларға алып келуі мүмкін екендігі көрсетіледі. Салыстырмалы талдау жасау барысында қазақстандық заңнаманы халықаралық тәжірибемен сәйкестендіру қажеттілігі айқындалады. Авторлар қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды реттейтін және азаматтардың репродуктивтік құқықтарын қамтамасыз ететін жеке заңдарды қабылдаудың маңыздылығын атап өтеді. Бұл зерттеу еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге, азаматтардың репродуктивті құқықтарын қорғауға және дамытуға бағытталған стратегиялық қадамдардың негізін қалауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Бұл зерттеудің мақсаты бiрпалаталы парламенттiк жүйенiқалыптастырудың конституциялыққұқықтық негiздерiн, тарихи, саяси-құқықтық алғышарттарын талдау және оның мемлекеттiк басқару мен демократияны дамытудың тиiмдiлiгiне әсерiн бағалау болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы парламентаризмнің даму эволюциясын қарастыру; Парламенттің құрылымын, өкілеттіктері мен ұйымдастыру қағидаттарын айқындайтын конституциялық-құқықтық нормаларды анықтау; саяси тұрақтылық үшін бір палаталы парламентке көшудің артықшылықтарын бағалау; бір палаталы құрылымның заңнамалық процеске ықпалын, қабылданатын заңдардың сапасын және билік тармақтарының өзара іс-қимылын айқындау зерттеу міндеттері болып табылады.
Мақаланы жазу барысында зерттеудің жалпы ғылыми және арнайы-заңдық әдістері қолданылды. Сондай-ақ, авторлар бір палаталы парламенті бар мемлекеттердің шетелдік тәжірибесін зерттеп, оның Қазақстан Республикасына бейімделу мүмкіндігін бағалады.
Авторлар сондай-ақ қазіргі екі палаталы құрылымның эволюциясын, 2022 жылғы конституциялық реформалардың саяси мазмұнын, сондай-ақ заңнамалық процесті оңтайландыруға бағытталған өзгерістердің маңыздылығын қарастырады. Бұдан басқа, шешім қабылдаудың тиімділігі, өңірлік өкілдік, саяси тұрақтылық және заңдылық деңгейі тұрғысынан бір палаталы үлгінің артықшылықтары мен сипаттары зерттеледі. Мақалада Қазақстан үшін посткеңестік институционалдық даму перспективасының тәжірибесіне салыстырмалы талдау жүргізіледі.
САЯСИ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ІЛІМДЕРДІҢ ТАРИХЫ
Ғылыми мақалада Австрия мен Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың (МБА) еңбек құқықтарын қорғау мен инклюзия саласындағы заңнамалық реттеу мәселелеріне салыстырмалы-құқықтық талдау жасалды. Зерттеу жұмыспен қамту, квота бөлу, жұмысқа қабылдау мен жұмыстан босатудағы құқықтық кепілдіктер, кемсітушіліктен қорғау және бейімделген жұмыс орындарын құру мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі талданды. Австрияда МБА құқықтарын қорғау мүгедектердің теңдігі туралы (BGStG) және жұмыспен қамту туралы (BEinstG) заңдармен реттеледі. Қазақстанда бұл бағытта ұлттық заңнама бірнеше кезеңдік реформалардан өтті: мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды ынталандыру мақсатында еңбек квоталары енгізіліп, жұмыс берушілер үшін салықтық және әкімшілік жеңілдіктер көзделді. Алайда қабылданған құқықтық және институционалдық шараларға қарамастан, мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі әлі де жеткілікті дәрежеге жете қойған жоқ. Зерттеу нәтижесінде БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына сәйкестікті арттыру және ұлттық құқықты жетілдірудің өзектілігі көрсетілді. Барлығын ескере келе, МБА әлеуметтік жағынан қорғау мен қамсыздандыру мәселесін көтере келе, оны реттейтін ұлттық заңнаманы жетілдіру қажеттілігі қарастырылды.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ КРИМИНОЛОГИЯ
Мақалада «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» құқықтық реттеу тұрғысынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға талдау жүргізілді, қарастырылып отырған құбылысты заңнамалық бекітудің проблемалық аспектілері зерттелді.
Зерттеу барысында авторлар «тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» белгілерін анықтау проблемаларын қараған ғалымдардың пікірлерін зерделеді, зерттелетін санаттың негізгі белгілерін анықтау мақсатында «тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» деңгейін төмендету жөніндегі іс-шараларды көздейтін Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасына талдау жүргізді. Зерттеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларында «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың» таралуына, оның қауіптілік дәрежесіне және т.б. тиісті дәрежеде баға беруге мүмкіндік бермейтін белгілі бір сәйкессіздіктердің бар екенін көрсетті.
Талдау қорытындысы бойынша «тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» белгілерін құқықтық реттеу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманың нормаларын жетілдіруге бағытталған тұжырымдар мен ұсыныстар тұжырымдалған.
Мақалада авторлар Қазақстан Республикасында бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және тиімсіз пайдалану мәселелерін зерттеді. Атап айтқанда, мемлекеттік бюджетті жұмсаудың жай-күйі туралы статистикалық деректер талданды. Талдау нәтижелері бойынша бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және (немесе) пайдалану жауапты лауазымды тұлғалар жасаған ең көп таралған әкімшілік бұзушылықтардың бірі болып табылатыны анықталды. Авторлардың пікірінше, арнайы әкімшілік-құқықтық норманың болуы мұндай әрекеттің жолын кесуге де, алдын алуға да ықпал етпейді. Статистикамен қатар авторлар бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлаумен және (немесе) пайдаланумен күресудің әлемдік тәжірибесін, сондай-ақ отандық ғалымдардың еңбектерін зерделеді. Жақын және алыс шетелдердің көпшілігінде мұндай құқық бұзушылықтар қылмыстық сипатта болады, ал олардыжасау үшін жауаптылық қылмыстық заңнамаға сәйкес келеді. Осыған байланысты, авторлар бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауды және (немесе) пайдалануды «әкімшілік жауаптылық» институтының призмасы арқылы қылмыстық жазаланатын әрекеттерге жатқызу туралы ұсыныстар енгізді.
Мақалада Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығындағы арнайы тәркілеу институты жан-жақты талданады, әсіресе оның тергеу алдындағы кезеңде қолданылу ерекшеліктері мен проблемаларына баса назар аударылады. Автор аталған құқықтық механизмнің тиімділігін төмендететін нормативтік кемшіліктер мен шектеулерді қарастырады. Арнайы назар Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Германия Федеративтік Республикасының қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамаларының салыстырмалы-құқықтық талдауға аударылады, бұл мүлікті тәркілеу саласындағы негізгі тенденциялар мен халықаралық үздік тәжірибелерді анықтауға мүмкіндік береді. Жүргізілген талдау негізінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 667-бабын жетілдіруге қатысты ұсыныстар жасалды. Бұл ұсыныстар үкім шығарылғанға дейін тәркілеуді қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге, оның алдын алу әлеуетін арттыруға және қылмыстық құқықтың міндеттерін орындауда осы институтты тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мақалада азаматтық-құқықтық міндеттемелер түрінде жасырын жүзеге асырылатын қарыздық алаяқтық құбылысы жан-жақты талданады. Мұндай әрекеттер Қазақстанның құқықтық жүйесі үшін кең таралған әрі әлеуметтік маңызы жоғары мәселелердің бірі болып табылады.
Зерттеу ұлттық заңнаманы, сот және тергеу тәжірибесін, статистикалық деректерді және шетелдік тәжірибені талдауға негізделген. Борышкерлердің қылмыстық жауаптылықтан жалтаруына жол беретін олқылықтар анықталып, азаматтардың қарыз қатынастарына сенімін төмендететіні көрсетілді.
Авторлар міндетті түрде қарыз шарттарын тіркеуді, залалдың мөлшеріне қарай қайтару мерзімін саралауды және қаражатты қайтармау жауаптылығын күшейтуді қамтитын шаралар кешенін ұсынады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына нысаналы өзгерістер енгізу және сенімді дәлелдемелік базаны қалыптастырып, қаржылық қатынастардың ашықтығын арттыратын цифрлық технологияларды белсенді енгізудің қажеттілігі негізделеді.
Ұсынылған шаралар қаржы қатынастарының ашықтығын арттырып, алаяқтықтың алдын алуға бағытталған.
Бұл ғылыми мақалада бас бостандығынан айыру жазасын одан әрі өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату институтын жетілдіру мәселелері қарастырылған. Заңнамалардың салыстырмалы талдауы және олардың басқа елдерде практикалық қолданылуы көрсетілген. Адам құқықтарының құқықтық базасы анағұрлым дамыған Батыс елдерінде бұл шешімдерді ешбір лауазымды тұлға жалғыз қабылдамайды, көбінесе қоғаммен біріккен пікір білдіреді.
Бұл институттың даму тенденциясының белгілі бір тоқырауы және Қазақстандағы жұртшылықтың оған қатыспауы көрсетілген.
Коллизия мен құқық қолдану қиындықтарын аша отырып, қылмыстық-атқару жүйесі мен қоғам арасындағы серіктестікті дамыту призмасы арқылы бүгінгі күннің мүдделері мен шындықтарына жауап беретін мәселені шешудің ең оңтайлы жолдары ұсынылады.
Мақалада қоғамдық қатынастардың цифрлық трансформациясы жағдайында интернеталаяқтық пен киберқылмысты ажырату мәселелері зерттеледі. Зерттеудің мақсаты – құқық бұзушылық объектісінің сипаты мен қылмысты жасау механизміндегі ақпараттық жүйенің функционалдық рөлін негізге ала отырып, оларды қылмыстық-құқықтық тұрғыдан саралау өлшемдерін әзірлеу. Қылмыстық қол сұғушылықтың тікелей объектісін және ақпараттық жүйенің қылмыстық әрекеттегі орнын айқындауға негізделгенажырату критерийлері ұсынылады. Ақпараттық жүйелер мен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қатынастар тікелей қылмыстық қол сұғушылық объектісі болып табылатын әрекеттер киберқылмыс ретінде қарастырылуы тиіс екендігі негізделеді, ал интернет-алаяқтық цифрлық технологиялар алдау құралы ретінде пайдаланылатын меншікке қарсы дәстүрлі қылмыстың нысаны ретінде бағаланады. Жәбірленушіге қашықтан ықпал ету тәсілі, егер алдау ақпараттық жүйе ресурстарын пайдалану арқылы жүзеге асырылмаса, өздігінен интернет-алаяқтық белгілерін құрамайтыны туралы қорытынды жасалады. Алынған нәтижелер қылмыстық-құқықтық саралаудың бірізділігін қамтамасыз ету және мүліктік әрі ақпараттық қатынастарды қорғау шектерін нақтылау үшін практикалық маңызға ие.
Бөтеннің мүлкін ұрлау жасалған қылмыстар арасында жетекші орын алады, осылайша мүлікке қол сұғылмаушылық туралы конституциялық ережені бұзады. Қылмыстық заңның ережелерін және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мүлікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бөлігінде басшы нормативтік қаулыларын талдау ұрлық жасауға қылмыстық-құқықтық ден қоюдың жеткіліксіздігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Автор ұрлықтың біліктілігі және олардың әділ жазалануы туралы қылмыстық-құқықтық сипаттағы екі негізгі мәселені анықтады.
Мақалада ұрлыққа қарсы қылмыстық-құқықтық іс-қимылдың кейбір мәселелеріне қатысты проблемалық тәсілдер көрсетілген, ұрлықтың кейбір нысандары үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық-құқықтық нормаларды одан әрі жетілдіру жөнінде қорытындылар мен ұсыныстар жасалған, сондай-ақ республиканың қылмыстық заңын және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық-құқықтық нормалардың бәсекелестігі мәселелері жөніндегі басшы нормативтік қаулысының жекелеген ережелерін реформалаудың одан әрі жолдары ұсынылған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСС
Жаңа буындағы жоғары жылдамдықтағы сымсыз байланыс технологиялары киберқылмыстардың өсуіне ықпал етіп, мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Осыған байланысты 2024 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ құрылымында Киберқылмысқа қарсы ісқимыл департаменті құрылды. Дегенмен, елімізде киберқауіптерге қарсы күреске бағытталған кешенді стратегиялық бағдарлама жоқ. Бұл халықаралық тергеу әрекеттерінде процестік шектеулерге алып келіп және ҚПК қағидаттарын толық іске асыруға кедергі келтіреді. Себебі көптеген киберқылмыстар шетелдік юрисдикция шеңберінде жасалады. Осы зерттеу аясында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында келесі ұсыныстар әзірленді: 1) «Киберқауіпсіздік туралы» ұлттық заң қабылдау қажеттілігі; 2) киберқылмыстармен күрес жүргізетін халықаралық ұйым құру; 3) киберқылмыстық қауіп төнуі мүкін елдермен киберқауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық тұралы шарт жасау.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 560-бабының 1-тармағына сәйкес «Құқықтық және өзге де көмек көрсету туралы сұрау салу Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық шартының талаптарына сәйкес жасайды», делінген. Яғни, ықтимал жасалуы киберқылмыстар әлемнің кез келген нүктесінен жасалуы мүмкін деп пайымдасақ, онда мақалада ұсынылған барлық шаралардың аса маңызды екендігіне көз жеткіземіз.
Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Стратегиялық даму жоспарына сәйкес құқық қорғау және сот органдарына қылмыстық істерді электронды форматқа кезең-кезеңімен көшіру міндеті қойылды. Мұнда цифрландыру қылмыстық процестік заңнаманы дамыту үшін жаңа перспективалар ашады.
Қылмыстық процестің цифрлық форматқа көшуі қаржылық ресурстарды үнемдеуге, тергеу мерзімдерін жеделдетуге, жалғандық жасау тәуекелдерін азайтуға және процестің ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Алдын ала тергеу кезеңінде жасанды интеллектіні енгізу қылмыстардың даму мүмкін сценарийлерін болжауға, рутиналық тапсырмаларға жұмсалатын уақытты қысқартуға және тергеудің күрделі аспектілеріне назар аударуға көмектеседі. Цифрлық құралдарды пайдалану адамдық қателерді минималды етуге мүмкіндік береді. Жоғары ықтималдықпен біз жақын болашақта басқа тергеу әрекеттерін қашықтан форматта сынақтан өткізу процесі болатынына сенімдіміз.
Мақалада Қазақстан Республикасында алдын ала тергеу процесіне цифрлық технологияларды енгізудің талдауы жүргізілген. Онда қашықтан тергеу әрекеттерін пайдаланудың артықшылықтары мен кемшіліктері, сондай-ақ жасанды интеллектінің рөлі қамтылған.
Мақалада қылмыстық процесті оңтайландырудың кейбір бағыттары қарастырылып, бірқатар проблемалар анықталып, олардың шешімдері ұсынылған.
Мақала Қазақстандағы алқабилер қатысатын сот сияқты қылмыстық іс жүргізу институтын талдауға арналған. Бұл мақалада авторлар алқабилердің қатысуымен сот шығарған үкімдерге қатысты апелляциялық іс жүргізудің теориялық және практикалық аспектілерін талдады. Айталық, алқабилер қатысатын қылмыстық процестерге қатысудың авторлық тәжірибесі әлі күнге дейін өз шешімін талап ететін проблемалардың бар екенін көрсетіп отыр.
Қылмыстық сот ісін жүргізудің екі нақты кейсін талдауды авторлар мемлекеттік айыптау органдары тарапынан сот ісін жүргізудің әдейі созылуын болдырмауға мүмкіндік беретін ұсынымдарды тұжырымдау үшін пайдаланған.
Авторлар ҚІЖК-нің 662-бабының жалпы тұжырымдамасын қозғайтын, ҚІЖК-нің 662-бабы 2-тармағы 5) тармақшасының мазмұнын нақтылайтын төрт нақты ұсынысты, ҚІЖК-нің 657-бабының үшінші бөлігіне толықтыруларды және тұтастай алғанда сот процесі барысында жол берілетін бұзушылықтар үшін төрағалық етуші судьяның дербес жауаптылығын белгілеуді енгізеді.
Мақалада қылмыстың криминалистік сипаттамасының маңызды элементі ретінде тергеу жағдайын зерттеуге және оның сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, атап айтқанда, авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде құрылымдаудағы маңызына арналған.
Жұмыста тергеу жағдайын анықтаудың ғылыми тәсілдеріне талдау жүргізілді, оны тергеу әрекеттерінің тактикасы мен алгоритмдерін таңдауды негіздейтін объективті қайшылықтардың динамикалық жүйесі ретінде авторлық түсіну негізделді.
Тергеу жағдайларын үлгілеу (мысалы, экипаждың қателіктері, авиациялық техниканың істен шығуы, жердегі қызметтер жұмысының бұзылуы және сыртқы факторлардың әсері) істің мән-жайын жан-жақты анықтауға және дәлелдеуге ықпал ететін бейімделген және тиімді тексеру схемаларын жасауға мүмкіндік береді.
Зерттеуде кадр саясатын жетілдіру, пәнаралық тәсілді қолдану, әртүрлі саладағы мамандарды ықпалдастыру және тергеу жағдайының серпінді дамуы жағдайында тергеу тактикасын үнемі түзету қажеттігі анықталды.
Мақалада қаржылық схемалардың күрделенуі және сыбайлас жемқорлық көріністерінің жасырын сипат алуы жағдайында мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы парақорлықты анықтау мен дәлелдеуде параллельді қаржылық тергеп-тексерулердің рөлі зерттеледі. Аталған саладағы қазіргі сыбайлас жемқорлық тәжірибелері көпдеңгейлі қаржылық архитектурасымен, делдалдарды, аффилиирленген тұлғаларды пайдаланумен және заңсыз сыйақыны заңды шаруашылық операциялар ретінде бүркемелеумен сипатталатыны негізделеді, бұл дәстүрлі процестік тәсілдердің тиімділігін төмендетеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары мен тергеу-оперативтік практиканы талдау негізінде мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде, оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында, заңсыз сыйақы алудың типтік схемалары ашып көрсетіледі және олардың сериялық әрі жүйелі сипаты айқындалады. Тергеу тактикасын жетілдіру, «ақша соңынан еру» қағидатын институционализациялау және параллельді қаржылық тергеп-тексерулерді ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіне интеграциялау бойынша ұсыныстар тұжырымдалады.
Мақалада Қазақстан Республикасының қылмыстық сот ісін жүргізуінде жарыспалылық қағидаттарының күшеюі жағдайында істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу қағидатының трансформациясы қарастырылады. ҚР ҚПК-нің 23, 24 және 380-баптарының арасындағы соттың процестік белсенділігінің шектелуіне және дәлелдеу міндеттерінің бөлінуіне қатысты нормативтік қайшылықтарға талдау жасалады. Соттың ақиқатты анықтауға бастамашылық жасауынан бас тартуы жағдайында аталған қағидатты формальды түрде сақтау оның ішкі үйлесімсіздігіне және әділ сот талқылауы кепілдіктерінің әлсіреуіне алып келетіні негізделеді. ТМД мемлекеттерінің қылмыстық-процестік заңнамасына жүргізілген салыстырмалы-құқықтық талдау ақиқатты анықтау қағидатынан бас тарту немесе оны қайта пайымдау үрдістерін айқындайды. Зерттеу нәтижесінде ҚР ҚПК-де аталған қағидатты сақтай отырып, сот пен қылмыстық қудалау органдары арасындағы функцияларды қайта бөлу қажеттілігі дәлелденеді және 24-баптың жаңартылған редакциясы ұсынылады.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Мақалада ғылыми пікірталас пәні болып қала берудегі жедел іздестіру қызметінің теориялық мәртебесі қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – оның құқықтық табиғатын талдау және құқықтың дербес саласы ретіндегі мәртебесін негіздеу. Ресми-құқықтық талдау негізінде ҚР «Жедел іздестіру қызметі туралы» Заңында және жасырын тергеу әрекеттері институтында бекітілген дуализм зерттеледі. Оның қылмыстық процесс саласының кіші саласы ретінде танылуынан бастап, оның дербес салалық мәртебесін мойындауға дейінгі негізгі ғылыми көзқарастар қарастырылады.
Авторлар жедел іздестіру құқығын дербес сала ретінде бөліп шығару қажеттілігін оның ерекше пәні, кешенді әдісі және цифрландырудың практикалық қиындықтарына сүйене отырып дәлелдейді. Теорияның алты негізгі функциясы анықталады: доктриналық-реттеушілік, әдістемелік, интегративті, болжамдық, қорғаныштық және институционалды-дамытушылық. Жедел іздестіру қызметінің салалық реттелуі заңдылықты нығайтуға, қылмыскерлікпен күрес тиімділігін арттыруға және құқықтық ғылымды дамытуға қажеттілігі туралы қорытынды жасалды.
Мақалада қылмыстық-құқықтық саладан тыс прокурорлық тексерулерді теориялыққұқықтық және тактикалық-әдістемелік қамтамасыз етудің кейбір мәселелері қамтылған. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы прокуратураларының қадағалау қызметін, ашық дереккөздерде жарияланған әдебиеттерді салыстырмалы-құқықтық талдау негізінде заңнамалардың ұқсастықтары мен ерекшеліктері, оның ішінде прокурорлық тексерулердің сапасына әсер ететін прокуратураның қадағалау қызметі тактикасының негіздерін теориялық және қолданбалы зерттеу мәселелерін қамтитын құқық қолдану практикасындағы проблемалар анықталды. Авторлар заманауи шындықты ескере отырып, әртүрлі салалардың ғылыми білімдерін пайдалана отырып, тексерулерді ұйымдастыруға және жүргізуге ситуациялық тәсілді қолдану қажеттілігіне назар аударады. Мақала академиялық және құқық қорғау ортасындағы қадағалау қызметінің теориясы мен практикасындағы одан әрі даму үшін пайдалы болуы мүмкін.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРИЯ ЖӘНЕ ЖЕКЕ ҚҰҚЫҚ
Мақалада XXI ғасырдағы жаңа қарулы қақтығыстарының түрі болып саналатын гибридті соғыстардың ерекшеліктері талданады. Бұл қақтығыстар әскери, саяси, экономикалық, кибернетикалық және ақпараттық ықпал ету әдістерін біріктіреді. Ерекше назар құрамында тұрақты және тұрақсыз элементтері бар аралас қарулы құрылымдардың рөліне, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық құқық шеңберіндегі олардың құқықтық мәртебесіне аударылады. 1949 жылғы Женева конвенцияларының, 1977 жылғы Қосымша хаттамалардың және халықаралық трибуналдар тәжірибесінің, соның ішінде Tadić ісінің (1995 ж.), қақтығыстың қарқындылығы мен ұйымдасқандығының өлшемдері тұрғысынан қарастырылуы ұсынылады. Сонымен қатар, Таллинн жетекшілігінің (2013 ж.) киберсоғыстарға қолданылатын халықаралық құқық нормалары аясында кибероперацияларға ХГҚ қағидаттарының қолданылуына қатысты мәселелер қарастырылады. Мақалада гибридті қақтығыстардың сипаты тараптарды гуманитарлық нормаларды сақтаудан босатпайтыны атап өтіледі.
Мақалада трансшекаралық қауіп-қатерлердің, соның ішінде халықаралық терроризмнің, заңсызкөші-қонныңжәнеұйымдасқанқылмыстыңкүшеюі жағдайындаұлттықжәнехалықаралыққауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі құралы ретінде заманауи көші-қон бақылау жүйелері талданады. Жеке тұлғаны сәйкестендіру, шекаралық бақылауды автоматтандыру және жалған құжаттарды пайдаланудың алдын алу үдерістеріндегі биометриялық технологиялардың рөліне ерекше назар аударылады. АҚШ, Еуропалық Одақ, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің тәжірибесі салыстырмалы түрде қарастырылып, реттеу модельдеріндегі, орталықтандыру деңгейіндегі, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары мен адам құқықтарын қорғау арасындағы арақатынастағы айырмашылықтар айқындалады. АҚШ үлгісінде ұлттық қауіпсіздік басымдығы, ЕО-да қауіпсіздік пен жеке құқықтардың теңгерімі, ал Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінде күшейтілген мемлекеттік бақылау басым екені көрсетіледі. Қазақстанның көші-қон саясатын жетілдіру перспективаларына да ерекше мән беріліп, заманауи технологияларды құқықтық кепілдіктермен үйлестірудің маңыздылығы негізделеді. Биометриялық жүйелердің тиімділігі мемлекеттің институционалдық кемелдігіне, дербес деректерді қорғау деңгейіне және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне тікелей байланысты екені тұжырымдалады.
Мақала Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 589-1-бабына сәйкес экстрадициялық іс жүргізуде кепілді қолданудың құқықтық табиғатын және практикалық іске асырылуын талдауға арналған. Автор экстрадициялық қамаудың халықаралық ынтымақтастық міндеттемелерімен, қашып кету тәуекелінің жоғарыдеңгейімен және ұлттық қылмыстықсот төрелігінің болмауымен шартталатын ерекше құқықтық режимде жүзеге асырылатынын көрсетеді. Ұлттық қылмыстық-процестік заңнаманы доктриналық талдау және прокурорлық пен соттық өкілеттіктерді функционалдық бағалау негізінде экстрадициялық кепілдің институционалдық шектеулері айқындалады. Ерекше назар прокурорлық процестік бақылауға, сот қалауының шартты сипатына және экстрадиция туралы шешім заңды күшіне енгеннен кейін кепілді міндетті түрде тоқтатуға аударылады. Ұлыбританиядағы, Америка Құрама Штаттарындағы және Германиядағы экстрадициялау тәжірибесін салыстырмалы талдау тұрақты сот қадағалауы мен күзетпен ұстаумен байланысты емес тәсілдерді қоса алғанда, реттеудің балама үлгілерін көрсетеді. Автор экстрадициялық кепіл Қазақстанда қамауға балама емес, уақытша қамтамасыз ету құралы ретінде қызмет етеді деген қорытынды жасайды.
ISSN 3079-4609 (Online)

