КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ
Мақала 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін жердің, жер қойнауының, судың, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің, сондай-ақ өзге де табиғи ресурстардың Қазақстан Республикасының халқына тиесілігі туралы конституциялық ереженің құқықтық табиғатын зерттеуге арналған. Мемлекеттің халық атынан меншік құқығын жүзеге асыруын реттейтін конституциялық және салалық нормалар, сондай-ақ мемлекеттік меншік режимі мен табиғи ресурстардың халыққа конституциялық тиесілігі арасындағы арақатынас ерекшеліктері талданады. Табиғи ресурстарды пайдаланудан түскен кірісті бөлудің шетелдік тәжірибесі қаралып, оның ұлттық заңнама жағдайында қолданылуына баға берілді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің бір бөлігін кәмелетке толмаған азаматтардың арнайы жинақтаушы шоттарына жіберуді көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламасын құқықтық бағалауға ерекше назар аударылады. Бұл тетік іс жүзінде азаматтардың табиғи ресурстарды пайдалану нәтижелеріне қатысу қағидатын заңнамалық деңгейде іске асырудың алғашқы қадамы болды, бұл табиғи ресурстардың халыққа тиесілігі туралы конституциялық ережені іске асырудың жаңа моделінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Соңында заңнамалық реттеу және ресми конституциялық түсіндіру арқылы табиғи ресурстардың халыққа тиесілігі конституциялық қағидатының мазмұнын одан әрі нормативтік ашу қажеттілігі туралы қорытынды жасалады.
АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ҚҰҚЫҒЫ
Мақалада суррогат ана болу туралы шарттың елеулі талаптары зерттеледі. Қазақстан Республикасының аумағында жасалған және нотариаттық тәртіппен куәландырылған суррогат ана болу туралы шарттарды зерделеу барысында, біріншіден, олардың мазмұны азаматтық-құқықтық шарттардың құқықтық табиғаты мен мәніне сәйкес келмейтіні, екіншіден, шарттың негізгі нысанасы көрсетілмегені немесе дұрыс айқындалмағаны, үшіншіден, тараптар келіскен және бекіткен, шарттың елеулі талаптары болып табылатын талаптардың көзделмегені анықталды.
Қазақстанның репродуктивтік медицина, неке-отбасы және азаматтық-құқықтық қатынастар саласындағы заңнамасына жүргізілген шолу осы уақытқа дейін суррогат ана болу туралы үлгілік шарттың әзірленбегенін және қабылданбағанын көрсетті. Суррогат ана болу туралы шарттың біріздендірілген нысанының болмауы және мұндай шарттарға мемлекет тарапынан тиісті бақылаудың жүргізілмеуі шарттық тәжірибеге кері әсер еткені анықталды. Өз кезегінде, қалыптасқан шарттық тәжірибеде суррогат ана болу туралы шарттың құқықтық табиғаты мен мәніне толық сәйкес келмейтін өзіндік әдет-ғұрыптар мен қағидалар орныққан.
Авторлар суррогат ана болудың сипаты мен ерекшеліктерін, оны қолданудың тәртібі мен шарттарын, заңнаманың мәні мен қалыптасқан шарттық тәжірибені, сондай-ақ шет мемлекеттердің тәжірибесін ескере отырып, суррогат ана болу туралы шарттарда көзделуге тиіс елеулі талаптарды ұсынады.
ОТБАСЫ ҚҰҚЫҒЫ
Мақалада трансшекаралық отбасылық одақтарды реттеудің коллизиялық-құқықтық тетігінің қазіргі жай-күйіне сыни талдау жасалады. Ұлттық заңнама мен халықаралық міндеттемелерді зерделеу негізінде «ақсаңдаған» неке-отбасылық мәртебелердің туындауына алып келетін отандық нормативтік-құқықтық базаның жүйелі кемшіліктері анықталды. Құқықтық акт жасалған жер қағидатының басымдығынан және шетелдік азаматтың жеке заңының ескерілмеуінен туындайтын келеңсіз салдарларға ерекше назар аударылды.
Жаһандану процестері мен көші-қон ағындарының ықпалымен отбасы саласындағы қатынастардың интернационалдануына негіз болған әлеуметтік алғышарттар қарастырылды. Авторлар мемлекеттің Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясындағы институционалдық мәртебесін негіздеп, жекелеген ескірген келісімдерді ратификациялаудың орынсыздығын дәлелдейді.
Мәселені шешу мақсатында салалық кодексті реформалауға қатысты нақты ұсынымдар ұсынылды. Олар екіжақты коллизиялық байламдарды қалпына келтіруге, жария тәртіп туралы ескертпені енгізуге және халықаралық ынтымақтастықтың бағыттарын қазіргі заманғы өзекті жаһандық конвенцияларға бағдарлауға бағытталған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ КРИМИНОЛОГИЯ
Мақала қылмысқа жанасу институтының құқықтық табиғатын және оның цифрландыру жағдайындағы ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Зерттеуде формальды-логикалық, жүйелі-құрылымдық және салыстырмалы-құқықтық әдістер қолданылды. Эмпирикалық базаны 2020-2025 жылдардағы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 432, 433, 434-баптары бойынша қылмыстық статистика деректері және 2021- 2025 жылдары шығарылған 50 сот актісі құрады. Зерттеу нәтижесінде қылмысқа жанасудың негізгі белгілері айқындалып, оны қылмысқа қатысушылықтан ажыратудың негізгі өлшемдері белгіленді. Сот практикасын талдау қылмысты жасырудың немесе ол туралы хабарламаудың дербес сипаты мен алдын ала қылмыстық пиғылдың болмауы іс-әрекетті дұрыс саралау үшін маңызды екенін көрсетті. Мақалада цифрландыру жағдайындағы қылмысқа жанасу институтының трансформациясы және «қылмыстарды виртуалды жасыру» феномені қарастырылады. Авторлар цифрлық технологиялардың қылмысты жасыру тәсілдерін күрделендіретінін атап өтіп, қылмысқа жанасу институтын жетілдіру қылмыстық құқықты дамытудың маңызды бағыты деген қорытындыға келеді.
Мақалада қылмыстық жауаптылықты заңнамалық саралаудың заманауи модельлеріне салыстырмалы-құқықтық зерттеу жүргізілген. Шет мемлекеттердің қылмыстық заңнамасын талдау негізінде қылмыстық жауаптылықты саралау жүйесін қалыптастырудың негізгі тәсілдері айқындалып, олардың заңнамалық құрылымының ерекшеліктері мен қазіргі даму үрдістері анықталған. Ұлттық модельдер арасындағы айырмашылықтар жекелеген қылмыстық-құқықтық институттардың жиынтығымен емес, олардың жүйелік өзара байланысының сипаты және қылмыстық жауаптылық көлемін айқындаудағы рөлімен анықталатыны негізделген. Қазақстан Республикасының қолданыстағы моделі зерттеліп, оның ерекшеліктері мен шетелдік тәжірибені ескере отырып одан әрі жетілдіру бағыттары айқындалған. Қылмыстық жауаптылықты заңнамалық дифференциациялау моделін оның негізгі тетіктерінің жүйелік келісімділік деңгейі тұрғысынан бағалаудың орындылығы туралы қорытынды жасалған, өйткені мұндай келісімділік заңдылық, әділеттілік және қылмыстық жауаптылықты даралау қағидаттарының дәйекті іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Мақалада Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтар (қылмыстар) үшін қылмыстық жауаптылық институтының қалыптасуы мен даму процесіне ретроспективалық талдау жүргізіледі.
Зерттеу барысында автор заңнаманың эволюциясын кеңестік кезеңнен (Қазақ КСР-нің 1959 жылғы ҚК) бастап, тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңі (Қазақстан Республикасының 1997 жылғы ҚК) арқылы қазіргі жағдайына (Қазақстан Республикасының 2014 жылғы ҚК) дейін қарастырған.
Жұмыста мемлекеттің экономикалық жүйесінің трансформациясы мен қылмыстық-құқықтық нормалардың жаңғыртылуы арасындағы өзара байланыс баса айтылады. Мақалада ізгілендіру, декриминализациялау процестеріне және белгілі бір дәрежеде даулы болып табылатын қылмыстық теріс қылықтар институтын енгізуге ерекше назар аударылған.
Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтар (қылмыстар) үшін жауаптылық туралы отандық қылмыстық заңнамаға жүргізілген ретроспективалық талдау нәтижелері бойынша мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қылмыстық-құқықтық жүйесін кезең-кезеңімен түрлендіру арқылы экономикалық саладағы Қазақстан Республикасының қазіргі қылмыстық-құқықтық саясатын келешекте және жүйелі түрде өзгертуге бағытталған тұжырымдар мен ұсыныстар тұжырымдалған.
Мақалада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің моральдық-этикалық қырлары қарастырылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек құқықтық мәселе ғана емес, сонымен қатар қазіргі қоғамның моральдық құндылықтарын, рухани бағдарлары мен этикалық нормаларын қамтитын күрделі әлеуметтік құбылыс болып табылады. Адам құқықтарын қорғауға, әділеттілік пен теңдік қағидаттарын сақтауға, сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға ерекше назар аударылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдары талданып, агрессияның кез келген көрінісіне төзбеушілік көзқарасты қалыптастырудағы қоғамның, мемлекеттің, білім беру және діни институттардың рөлі ашылады. Жәбірленушілерге көмек көрсетудің этикалық қағидаттары, моральдық қолдаудың және тиімді әлеуметтік-психологиялық оңалту жүйесін құрудың маңыздылығы зерделенеді. Зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін дамыту, құрметке, эмпатия мен өзара жауапкершілікке негізделген қоғамдық сананы қалыптастыру қажеттілігі атап өтіледі. Отбасында әдепке негізделген мінез-құлықты қалыптастыру және өскелең ұрпақты гуманизм мен өзара құрмет рухында тәрбиелеу мәселелері қарастырылады. Зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамдық көзқарасты өзгертудегі ағартушылық қызмет пен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі атап өтіледі. Зерттеу нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тек құқықтық тетіктерге ғана емес, қоғамның рухани-адамгершілік негіздеріне де сүйенуге тиіс деген қорытынды жасалады.
Мақалада дәрігерлік қатені, негізді кәсіптік тәуекелді, медициналық оқыс оқиғаны, кінәсіз зиян келтіруді және медицина қызметкерінің қылмыстық абайсыздығын ажыратудың қылмыстық-құқықтық өлшемдері зерттеледі. Зерттеудің өзектілігі медициналық араласудың қолайсыз салдарын құқықтық бағалаудағы біркелкіліктің болмауымен, себептік байланысты анықтаудың күрделілігімен, сондай-ақ объективті түрде жол берілетін кәсіптік тәуекел мен қауіпсіздіктің міндетті талаптарын кінәлі түрде бұзудың аражігін ажырату қажеттілігімен айқындалады. Зерттеудің мақсаты медициналық көмек көрсету стандарттарын, нақты клиникалық жағдайды, жол берілген бұзушылықтың сипатын, салдардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжауды және олардың алдын алудың нақты мүмкіндігін ескере отырып, медицина қызметкерінің іс-әрекетіне қылмыстық-құқықтық баға берудің дәйекті моделін әзірлеу болып табылады. Ұсынылған тәсіл дәрігердің адал кәсіби шешім қабылдаған жағдайларын, медициналық оқыс оқиғаны және қылмыстық абайсыздықты ажыратуға мүмкіндік береді. Бұл ретте дәрігерлік қызметті негізсіз криминализациялауға да, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының заңда белгіленген белгілері және қылмыстық жауаптылықтың туындауына тиісті негіздер болған кезде медицина қызметкерін іс жүзінде қылмыстық жауаптылықтан босатуға да жол берілмейді.
Мақалада әскери қызметшілердің қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу мәселесі адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты конституциялық кепілдіктер аясында қарастырылады. Әскердегі профилактикалық жұмыстың формалды-сандық үлгіден тәуекелдерді жүйелі басқару моделіне көшу үдерісі талданады. «Заң және тәртіп» қағидаты әскери саладағы профилактикалық саясатты жаңғыртудың институционалдық негізі ретінде бағаланады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алудағы криминологиялық, кадрлық және психологиялық факторларға ерекше назар аударылады. Цифрландырудың проактивті бақылау және тәуекелдерді талдамалық мониторингтеу құралы ретіндегі рөлі ашып көрсетіледі. Құқықтық, ұйымдастырушылық және технологиялық шешімдерді біріктіретін кешенді тәсілдің қажеттілігі негізделеді. Әскери қызметшілердің қаза болуының алдын алу, әскери тәртіп және мемлекеттің қорғаныс қабілеті арасындағы өзара байланыс айқындалады. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан Республикасында одан әрі дәйекті дамытуға бағдарланған превентивтік жұмыстың жүйелі моделі қалыптасып келе жатқаны туралы қорытынды жасалады.
Мақалада Қазақстан Республикасында Қылмыстық кодекстің 412-1-бабында көзделген дербес құрам енгізілгеннен кейін қылмыс жасауға арандатуды криминализациялаудың негізділігі қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – арнайы қылмыстық-құқықтық тыйымның қоғамдық қауіптілік өлшемдеріне және құқық қолдану практикасының қажеттіліктеріне сәйкестігін айқындау. Зерттеуде формальды-заңдық, салыстырмалы-құқықтық және статистикалық әдістер қолданылды; Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 412-1 және 417-баптарының ережелері, қылмысқа арандатуды және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арандатушылық әрекеттерін құқықтық бағалаудың шетелдік тәсілдері, сондай-ақ 2020-2025 жылдардағы құқық қолдану практикасының деректері салыстырылды. Тіркелген фактілер санының аз болуы арандатушылық әрекеттердің жоғары латенттілігі мен қоғамдық қауіптілігін жоққа шығармайтыны анықталды. Дербес норма тиісті әрекеттерді неғұрлым дәл саралауға, оларды өзге лауазымдық және процестік құқық бұзушылықтардан ажыратуға және заңдылық кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Қылмыс жасауға арандатуға қатысты арнайы қылмыстық-құқықтық тыйымды сақтаудың негізділігі туралы қорытынды жасалды.
Мақалада теңіз қарақшылығы үшін жауаптылықты белгілейтін Ресей Федерациясының, Қазақстан Республикасының және Әзербайжан Республикасының қылмыстық заңнамасына салыстырмалы талдау жүргізіледі (Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 227-бабы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 271-бабы, Әзербайжан Республикасы Қылмыстық кодексінің 219.1.3-бабы). Аталған мемлекеттердің заңнамасында көзделген теңіз қарақшылығы құрамдарының мазмұны мен құрылымы, тиісті қылмыстық-құқықтық нормалардың кеңістікте қолданылу ерекшеліктері, олардың теңіз қарақшылығының халықаралық-құқықтық ұғымымен арақатынасы, сондай-ақ осы іс-әрекеттерді жасағаны үшін көзделген санкциялар зерттеледі. Каспий теңізінің тұйық су айдыны ретіндегі құқықтық режимінің ерекшеліктерінен туындайтын құқықтық мәселелерге, сондай-ақ осы өңірде кемелерге жасалған шабуылдарды саралау ерекшеліктеріне ерекше назар аударылады. Жүргізілген талдау негізінде ұлттық қылмыстық-құқықтық нормаларды үйлестіру және Каспий маңы мемлекеттерінің теңіз қарақшылығына қарсы күрестегі көпжақты ынтымақтастығын дамыту жөнінде ұсыныстар тұжырымдалады.
Осы зерттеу қоғамның қарқынды цифрлануы және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану аясының кеңеюі жағдайында ақпараттандыру объектілерін пайдалану қағидаларын бұзуды қылмыстық-құқықтық реттеудің өзекті мәселесіне арналған. Мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың цифрлық инфрақұрылымға тәуелділігінің артуы компьютерлік ақпаратты өңдеуге, сақтауға, беруге және қорғауға байланысты құқық бұзушылықтар санының өсуімен қатар жүруде. Жұмыста Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің мысалында аталған саладағы құқыққа қайшы іс-әрекеттерді криминализациялауға қатысты заңнамалық тәсілдерге кешенді талдау жүргізіледі. Ақпараттандыру объектілерін пайдалану қағидаларын бұзғаны, ақпаратқа құқыққа сыйымсыз қол жеткізгені, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікке өзге де қол сұғушылықтар жасағаны үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық-құқықтық нормаларды салыстырмалы-құқықтық зерттеуге ерекше назар аударылады. Қазақстан Республикасы заңнамасының дамуы мен қазіргі жай-күйі егжей-тегжейлі қарастырылып, құқықтық реттеудегі олқылықтар анықталады және ұлттық қылмыстық заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында шетелдік тәжірибе талданады.
Мақалада кәмелетке толмағандардың ақпараттық қауіпсіздігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды сипаттайтын негізгі параметрлер зерттеліп, осы түрдегі қол сұғушылықтарды теориялық және практикалық-бағдарлы жіктеудің әдіснамасы негізделеді. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында кәмелетке толмағандарға теріс ақпараттық ықпал етумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың дербес тобының (топтарының) болмауы елеулі олқылық ретінде бағаланады.
Қылмыстық детерминация мен мінез-құлықтағы ақпараттық-коммуникациялық фактор рөлінің арту қарқынын ескере отырып, кәмелетке толмағандарға теріс ақпараттық ықпал етумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың жеке тобын (топтарын) бөліп қарастырудың практикалық тұрғыдан орындылығы мен қажеттілігі негізделеді. Бұл ретте «ақпараттық қауіпсіздік» ұғымын тек ақпараттық-коммуникациялық ықпал ету факторымен байланыстыру осы түрдегі қылмыстық құқық бұзушылықтардың елеулі тобын зерттеу және есепке алу аясынан тыс қалдырады деген ұстаным негізге алынады.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСС
Мақалада уақыттың шектеулілігі және ақпараттың жеткіліксіздігі жағдайында жүзеге асырылатын тергеу қызметінің ерекшеліктері зерттеледі. Тергеу әрекеттеріне қатысушылардың мінез-құлқын алдын ала болжаудың қиындығы тактикалық қателіктерге әкеп соғуы және соның салдарынан тергеп-тексерудің нәтижелілігін төмендетуі мүмкін екені атап өтіледі. Зерттеудің мақсаты – жағдаяттық-рөлдік тәсілді психологиялық болжаудың тұжырымдамалық негізі ретінде ғылыми тұрғыдан негіздеу. Автор аталған тәсіл тұлғаның жекелеген белгілерін неғұрлым ірі құрылымдарға – болжау үшін маңызы бар рөлдерге біріктіру арқылы шамадан тыс ақпарат көлемін ықшамдауға мүмкіндік беретін тиімді эвристикалық құрал екенін негіздейді. Зерттеу барысында әзірленген рөлдік модельдеу алгоритмін қолдану интуитивтік әдістермен салыстырғанда қатысушының тергеп-тексеруге жәрдемдесуі немесе оған қарсы іс-қимыл жасауы жөніндегі болжамның дәлдігін едәуір арттыратыны туралы қорытынды жасалды. Зерттеудің негізгі тұжырымдары тергеу қателіктерін барынша азайту және тергеп-тексеруге қатысушыларға тактикалық ықпал етуді оңтайландыру мақсатында практикаға ғылыми негізделген болжамдық модельдерді енгізу қажеттігін көрсетеді.
Мақалада қылмыстық процесті цифрландыру жағдайындағы қарап-тексеруді, тінтуді және алуды жүргізудің ерекшеліктері қарастырылады. Дәстүрлі тергеу әрекеттерін реттейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің ережелері талданып, олардың дәлелдеу объектісі ретіндегі цифрлық деректерге қолданылу мүмкіндігі бағаланады. Электрондық дәлелдемелердің өзгертілу немесе жойылу қаупіне байланысты ерекшеліктері, сондай-ақ цифрлық ақпарат жеткізгіштермен жұмыс істеу кезінде маманның қатысу қажеттілігі зерттеледі. Шетелдік тәжірибеге, атап айтқанда, Армения заңнамасындағы цифрлық тінту институтына ерекше назар аударылады. Зерттеу нәтижелері бойынша цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу, олардың сақталуын қамтамасыз ету және қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексерудің тиімділігін арттыру саласындағы қылмыстықпроцестік заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдалады. Дәстүрлі тергеу әрекеттерін цифрлық орта жағдайына бейімдеу қажеттілігі негізделеді
Мақалада жедел-іздестіру бөлімшелерінің қызметінде кеңінен қолданылатын негізгі жеделіздестіру іс-шараларының бірі – анықтамалар алуға кешенді теориялық-құқықтық талдау жүргізіледі. Зерттеудің өзектілігі қылмыстық ортаның өзгеруімен, қоғамдық қатынастардың белсенді цифрлануымен, өңделетін ақпарат көлемінің ұлғаюымен, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметінің тиімділігі мен адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету қажеттілігімен айқындалады.
Зерттеу нәтижелері бойынша жедел-іздестіру қызметі туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдалады. Атап айтқанда, құпия ақпаратты ұсыну туралы талаптарды қамтитын сұрау салуларды санкциялау тетігін бекіту, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметін цифрландыруды ескере отырып, анықтамалар алудың мазмұнын нақтылау ұсынылады. Анықтамалар алуды нормативтік тұрғыдан кеңейтудің орындылығы, сонымен қатар оны жүзеге асырудың заңдылығына сот және ведомстволық бақылауды, сондай-ақ прокурорлық қадағалауды күшейту қажеттілігі туралы қорытынды жасалады.
Мақалада Қазақстан Республикасы Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінің «Жария сектор» кіші жүйесінде орналастырылатын мәліметтердің құқықтық табиғаты қарастырылады. Сотқа дейінгі іс жүргізуді цифрландыруға қарай қылмыстық процеске қатысушылардың тергеп-тексеру барысы, қабылданған шешімдер және қылмыстық істің жекелеген материалдары туралы ақпаратқа қол жеткізуі тұрақты процестік мәнге ие болып келе жатқаны көрсетіледі. Заңнаманы, заңға тәуелді нормативтік реттеуді және ғылыми әдебиетті талдау негізінде орналастырылатын мәліметтердің біртекті санатты құрамайтыны анықталды. Олар құқықтық режимі бойынша ерекшеленетін есептік-анықтамалық деректерді, хабарлау-процестік мәліметтерді және қылмыстық іс материалдарын қамтиды. Аталған цифрлық орта дәлелдемелердің дербес көзі болып табылмайтыны, керісінше, процестік маңызы бар құжаттарға қол жеткізу нысаны ретінде қызмет ететіні негізделеді. Қорғалуға құқықты және сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында іс материалдарымен электрондық түрде танысуды, қол жеткізу сәтін тіркеуді және цифрлық көшірмелердің түпнұсқалығын растауды неғұрлым нақты реттеу қажеттігі туралы қорытынды жасалады.
Мақалада азаптауға қарсы іс-қимылды криминалистикалық қамтамасыз ету барысында заманауи технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану мәселелері қарастырылады. Зерттеудің негізгі назарында оқиға орнын қарау нәтижелерін объективті тіркеуге мүмкіндік беретін техникалық құралдар кешені, тергеушілер мен сот сарапшыларының қызметіндегі рәсімдік және әдістемелік тәуекелдерді анықтауға бағытталған жасанды интеллект алгоритмдері, сондай-ақ жасанды интеллектті құқық қорғау және сот-сараптама қызметіне енгізудің құқықтық, ұйымдастырушылық және этикалық шектері қарастырылған.
Оқиға орнын сапалы қарап-тексеру барысында алынған цифрлық ақпараттың кейіннен жасанды интеллект арқылы өңдеу мен талдау мүмкіндігі негізделеді. Осы мақсатта автор «Оқиға орнын қарап-тексеру нәтижелерін тіркеуге арналған модульдік жинақ» патентін (04.08.2023 жылғы пайдалы модельге патент) ұсынады.
Зерттеу барысында формальды-заңдық, салыстырмалы-құқықтық, жүйелік-құрылымдық, логикалық талдау, құқық қолдану, соның ішінде шетел тәжірибесін қорыту және SWOT-талдау әдістері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы азаптаудың алдын алуды криминалистикалық қамтамасыз етудің өзара байланысты үш элементтен тұратын кешенді моделін ұсынумен айқындалады: оқиға орнын қарап-тексеру нәтижелерін объективті тіркейтін модульдік жинақ; тергеушілер мен сот сарапшыларының қызметіндегі жүйелі рәсімдік және әдістемелік бұзушылықтардың тәуекел белгілерін анықтайтын жасанды интеллект алгоритмі; жасанды интеллект нәтижелерін адамның міндетті түрде тексеруін, олардың түсіндірмелілігін және дербес деректерді қорғауды көздейтін құқықтық-ұйымдастырушылық бақылау тетігі.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Мақалада адамға бағдарланған мемлекетті қалыптастыруға бағытталған 2022–2026 жылдарға арналған Жаңа Өзбекстанды дамыту стратегиясын іске асыру жағдайында заң шығару процесін жетілдірудегі прокуратура органдарының рөлі қарастырылады. Ауқымды реформалардың тиімділігі заңнамалық базаның сапасына және құқық шығармашылығы қызметін ұйымдастыру деңгейіне тікелей байланысты екені атап өтіледі. Прокуратура органдарының заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды анықтауға, нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңнамалық бастамалар енгізуге қатысуына ерекше назар аударылады.
Бас Прокурордың бастамасы бойынша заң жобаларын әзірлеуге қатысты статистикалық деректер талданып, кадрлық әлеуетті арттыруды, заңнаманы жүйелеуді және құқықтық сараптаманы жетілдіруді қамтитын құқық шығармашылығы қызметін жаңғыртудың қазіргі заманғы бағыттары қарастырылады. Құқықтық мемлекетті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және елдің халықаралық беделін арттыру мақсатында прокуратура органдарының заң шығару қызметіне қатысуын одан әрі кеңейту қажеттігі туралы қорытынды жасалады.
Мақалада басқару процестерін цифрландыру жағдайында ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртіптік жауаптьылық институтын трансформациялаудың өзекті мәселелері зерттеледі. Зерттеу пәні виртуалды ортада лауазымдық теріс қылықтарды тіркеу кезінде туындайтын құқықтық және ұйымдастырушылық қатынастар болып табылады. Зерттеудің әдіснамалық негізін формальды-құқықтық әдіс, жүйелік-құрылымдық тәсіл және құқықтық модельдеу әдісі құрады. Эмпирикалық негіз ретінде 2024-2025 жылдардағы полиция департаменттерінде жүргізілген тексерулер практикасын қорытындылау нәтижелері пайдаланылды.
Автор деректерге негеделген басқару моделіне (data-driven governance) көшу тек технологиялық жаңаруды ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелерге ақпаратты енгізудің сапасы, анықтығы мен уақтылылығы үшін жауаптылықтың жаңа құқықтық базасын қалыптастыруды талап ететінін негіздейді. Негізгі ғылыми нәтиже «цифрлық тәртіптік жауаптылық» тұжырымдамасын және жасанды интеллект негізіндегі «Тәртіптік ӘІЖБТ» алгоритмдік моделін әзірлеу болып табылады.
Жұмыста стандартталған цифрлық үлгілерді енгізу арқылы қызметтік тергеулерді автоматтандыру қажеттілігі негізделген, бұл субъективизмді барынша азайтуға және бюрократиялық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Жұмыстың практикалық маңыздылығы ҚР ІІМ қызметтік тергеулерді жүргізу тәртібін реттейтін ведомстволық нормативтік актілеріне өзгерістер енгізу және тәртіптік құқық бұзушылықтың дәлелдемелік базасы ретінде «цифрлық із» тетіктерін енгізу бойынша ұсыныстар тұжырымдалған.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРИЯ ЖӘНЕ ЖЕКЕ ҚҰҚЫҚ
Зерттеуде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде еңбекші мигранттарды тиісті медициналық сақтандыруды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелер қарастырылады. Шетелдік жұмыс күшін тартуға тек келісілген еңбек заңнамасы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру тетіктері, атап айтқанда, денсаулық сақтау саласы да ықпал етеді. Осыған байланысты Одаққа мүше Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей және Қырғызстан мемлекеттеріндегі еңбекші мигранттарды медициналық сақтандыруға құқықтық талдау жүргізілді. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ Сотының консультативтік қорытындылары мен отандық сот инстанцияларында қаралған еңбекші мигранттарды медициналық сақтандыруға қатысты әкімшілік істер зерделенді. Зерттеу нәтижелерін талдау барысында еңбекші мигранттарды медициналық сақтандыру жүйесін реттейтін мемлекеттер арасында бірыңғай құқықтық нормалардың жоқ екені анықталды. Аталған мәселе әр мемлекеттің ұлттық заңнамасымен реттеледі. Осыған байланысты авторлар мәселені шешуге бағытталған ұсыныстар береді.
Мақалада электрондық үкімет технологияларын пайдалану және олардың консулдық қызметтер көрсету саласына ықпалы қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – консулдық қызметке цифрлық құралдарды енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеу және оның Қазақстан Республикасында қолдануға болатын бағыттарын айқындау. Салыстырмалы талдау, нормативтік-құқықтық құжаттарды зерделеу және кейс-стади әдісі негізінде Эстония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия және Америка Құрама Штаттарының консулдық және визалық рәсімдерді цифрландыру тәжірибесі қарастырылады. Жүргізілген талдау цифрлық трансформацияның негізгі бағыттары ретінде электрондық визаларды енгізуді, биометриялық сәйкестендіруді және өтініштерді көпдеңгейлі автоматтандырылған электрондық өңдеуді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Мақалада халықаралық тәжірибе аясында Қазақстандағы консулдық қызметтерді цифрландырудың қазіргі жай-күйі қарастырылып, осы саладағы олқылықтар айқындалады. Зерттеу нәтижесінде елдің институционалдық мүмкіндіктерін, қолданыстағы құқықтық базаны және геосаяси факторларды ескере отырып, консулдық қызметті цифрландырудың ұлттық стратегиясын қалыптастыруға бағытталған кезең-кезеңімен іске асырылатын ұсынымдар жасалады.
ISSN 3079-4609 (Online)

